Жер сілкінісіне төзімділік саласындағы зерттеулер және сынақтар: Қазақстан үшін Италия тәжірибесі
- Июль 17, 2024
- Опубликовано: author
- Категория: Оқиғалар
«ҚазҚСҒЗИ» АҚ мамандары сейсмикаға төзімді құрылыс мәселелеріне арналған WCEE2024 халықаралық конференциясы аясында Италияның Павия қаласындағы инженерия және сейсмология саласындағы Еуропалық дайындық және зерттеу орталығына (EUCENTRE) барды. Іс-шараға қатысушылар жер сілкінісіне төзімділік саласындағы озық зерттеулер мен ашылулармен танысуға бірегей мүмкіндік алды. Орталық жер сілкінісін талдау мен модельдеудің озық әдістерін, сондай-ақ ғимараттарды сейсмикалық әсерден қорғаудың жаңашыл шешімдерін ойлап табуымен танымал.
Іс-сапар барысында қатысушылар сейсмикалық қауіпсіздік саласында қолданылатын жаңа технологиялар және әдістермен танысты.Оларға Италия аумағында болған әртүрлі деңгейдегі жер сілкіністерін модельдейтін ірі сейсмикалық платформаларда сынақтар көрсетілді. Айта кету керек, Италия аумағының шамамен 50% сейсмикалық қауіпті аймақта. Бұл эксперименттер қауіпсіз және тұрақты ғимараттарды салудың негізгі элементі болып табылатын сейсмикалық жүктеме жағдайында түрлі құрылымдар мен материалдардың өзгерісін бағалауға мүмкіндік береді.
Әр елден келген делегаттар ERIES Supreme жобасы аясында сейсмикалық платформада таспен қаланған фронтон қабырғаларды сынақтан өткізуге куә болды. Бұл сынақтың мақсаты еден мен шатырдың әртүрлі жылдамдықтағы реакциясын модельдеу арқылы фронтон қабырғаларының сейсмикалық сипаттамаларын бағалау. Бір уақытта жұмыс істейтін екі вибростолды қолданатын Eucentre 9D жүйесінің арқасында екі қозғалысты да бірден басқаруға болады. Осылайша, бұл жүйеде сынақ моделінің бірнеше деңгейін тұрғызудың керегі жоқ, қажетті қабаттың сипаттамаларын орнату жеткілікті.
Делфт техникалық университеті, Павия университеті және TNO-мен бірлескен бастамалар аясында зерттеушілер сыналған құрылымдардың өзгерісін болжау үшін алдын ала ақпаратсыз, байқау ұйымдастырды. Бұл байқаудың мақсаты-ғылыми қауымдастықты сынақ нәтижелерін талдауға және болжауға тарту, ынтымақтастық пен инновацияға ықпал ету.
Фронтон қабырғаларының сынақтарынан басқа, келушілерге құрылымдық сынақтарды өткізу үшін жаңадан салынған, тастан жасалған 12 метрлік қоңырау мұнарасы көрсетілді. Қатысушылар қолданылатын нығайту әдістері мен жобаның мақсаттары туралы ақпарат алып, архитектуралық мұраны қорғау саласындағы EUCENTRE, ISAAC және MAPEI-мен ынтымақтастықты нығайтты. EUCENTRE орталығына техникалық сапар, сейсмикалық технологиялар туралы ақпарат алуға және жер сілкінісіне төзімділік саласындағы ең озық инновацияларды қолданыс барысында тамашалауға үлкен мүмкіндік болды.
Ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігін едәуір арттыратын беріктігі жоғары материалдар мен сейсмикалық оқшаулау жүйелерін пайдалану сияқты құрылыста жаңа технологияларды енгізуге ерекше назар аударылды. Қатысушылар сонымен қатар жер сілкінісіне төзімділік саласындағы инженерлер мен ғалымдардың алдында тұрған өзекті мәселелер мен қиындықтарды талқылады және одан әрі ынтымақтастық үшін тәжірибе мен ой алмастырды.
Сондай-ақ, іс-сапар барысында «ҚазҚСҒЗИ» АҚ қызметкерлері орталық мамандарымен бірлескен сынақтар өткізуді, сондай-ақ институт үшін сейсмикалық платформа дайындау және оны жеткізу мүмкіндігін талқылады.
Орталыққа бару ғылыми қауымдастықта халықаралық байланыстарды нығайтуға ықпал етті. Алынған білім мен тәжірибе еліміздің сейсмикалық белсенді аймақтарындағы ғимараттардың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер мен технологияларды әзірлеу үшін пайдаланылатын болады.