Алматыда цифрлық құрылыс саласындағы жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі — BuildingSMART Kazakhstan Awards & StudentSMART Cup 2025 өтті
- Октябрь 24, 2025
- Опубликовано: author
- Категории: BIM, События
Алматы қаласында BuildingSMART Kazakhstan Awards & StudentSMART Cup 2025 Ұлттық сыйлығы мен конференциясы өтті. Бұл шара Қазақстанның құрылыс саласындағы цифрлық трансформацияның басты оқиғаларының біріне айналды.
Іс-шараны «ҚазҚСҒЗИ» АҚ және buildingSMART Kazakhstan buildingSMART International ұйымының қолдауымен ұйымдастырды. Конференцияға мемлекеттік органдардың өкілдері, жобалау және құрылыс компанияларының мамандары, ғылыми және білім беру мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ BIM және openBIM технологиялары саласындағы халықаралық сарапшылар қатысты.
Конференция қатысушыларына Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Жұмабекұлы Қажкенов онлайн форматта байланысқа шығып, құрылыс саласында цифрландыруды дамыту мен openBIM технологияларын енгізудің маңыздылығын атап өтті.
«ҚазҚСҒЗИ» АҚ Бас директоры Бегман Кульбаев құрылыс процесінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін цифрлық құралдар мен ашық деректер стандарттарын енгізудің маңыздылығына тоқталды.
buildingSMART International ұйымының маркетинг жөніндегі директоры Aidan Mercer ұйымның жаһандық жетістіктері мен openBIM стандартының халықаралық даму үрдістері туралы баяндады.
buildingSMART Kazakhstan төрағасы Александр Шахнович Қазақстанның құрылыс саласында ашық деректер форматтарын кеңінен қолдану және ұлттық openBIM мамандары қауымдастығын дамыту жоспарын таныстырды.
Конференцияның ең маңызды сәттерінің бірі — BuildingSMART Kazakhstan Awards 2025 жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Сыйлық BIM-технологияларын және openBIM шешімдерін қолдана отырып жобалау мен құрылыс басқару саласында инновациялық тәсілдерді көрсеткен үздік жобаларға табысталды
Сонымен қатар, заманауи ақпараттық модельдеу құралдарын меңгеріп жүрген жас мамандарды қолдауға және олардың цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған Student SMART Cup студенттік байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Сонымен қатар, конференция аясында РМҚК «Мемсараптама», «ҚазҚСҒЗИ» АҚ, Engineering Center LTD, Генпро және Autodesk өкілдерінің қатысуымен панельдік талқылау өтті. Талқылау барысында Қазақстанның құрылыс саласын толық цифрландырудың кедергілері мен болашағы сөз болды.
Сондай-ақ, қатысушылар «Интероперабельдік және мемлекеттік сараптамадан өту» тақырыбындағы шеберлік класына қатысып, сертификаттар алды
BuildingSMART Kazakhstan Awards & StudentSMART Cup 2025 іс-шарасы кәсіби қауымдастықтың құрылыс саласында цифрлық технологиялар мен халықаралық стандарттарды енгізуге деген жоғары қызығушылығын көрсетті.
Бұл конференция openBIM экожүйесін қалыптастырудағы және мемлекет, бизнес пен білім беру құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды.