«ҚазҚСҒЗИ» АҚ халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда!

«ҚазҚСҒЗИ» АҚ халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда!

2026 жылғы 22–28 маусым аралығында Бішкек қаласында Сейсмотөзімді құрылыс жөніндегі сарапшылардың халықаралық қауымдастығы ұйымдастырған VI Халықаралық ғылыми-практикалық сейсмотөзімді құрылыс конференциясы өтті.

Конференцияға «ҚазҚСҒЗИ» АҚ атынан өндіріс жөніндегі басқарушы директор, қауымдастық президиумының құрметті мүшесі Ералы Шоқбаров және зертхана меңгерушісі Жасұлан Омаров қатысты.

Конференция барысында институт мамандары Қазақстан Республикасының сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құрылыс нормаларын жетілдіру, сейсмикалық қауіптілікті бағалау және тәжірибелік зерттеулер жүргізу саласындағы тәжірибесін таныстырды.

Іс-шара аясында халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қырғызстан мен Тәжікстанның ғылыми ұйымдарының өкілдерімен өткен жұмыс кездесулерінде бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және Орталық Азия елдеріне арналған сейсмотөзімді құрылыс бойынша бірыңғай құрылыс нормаларын әзірлеу перспективалары талқыланды.

Конференцияның практикалық бағдарламасы аясында қатысушылар FIFA стандарттарына сәйкес салынып жатқан «Бішкек Арена» стадионында болып, Мемлекеттік сейсмотөзімді құрылыс және инженерлік жобалау институтының сынақ стендінде өткізілген вибродинамикалық сынақтарға қатысты.

Ерекше мақтанышымыз – аталған сынақ стенді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ әзірлеген сызбалар мен техникалық шешімдер негізінде жасалған. Бұл институттың ғылыми-инженерлік әзірлемелерінің жоғары деңгейін және олардың халықаралық деңгейде мойындалғанын айқын дәлелдейді.

Сынақтар барысында сейсмикалық әсерлерді модельдейтін динамикалық жүктемелер жағдайында қасбеттік жүйелер мен олардың бекіту тораптарының сенімділігі зерттелді. Алынған нәтижелер
сейсмикалық қауіпті аймақтардағы ғимараттар мен құрылыстардың қауіпсіздігін арттыруға және нормативтік техникалық базаны одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.

Конференция қорытындысы бойынша «ҚазҚСҒЗИ» АҚ ғылым мен техниканы дамытуға қосқан елеулі үлесі және іргелі ғылыми-техникалық жетістіктері үшін «Ғылым мен техниканың дамуына қосқан үлесі үшін» халықаралық медалімен марапатталды.

Халықаралық әріптестерімізге нәтижелі ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және ғылым мен технологияларды дамытуға қосқан ортақ үлесі үшін алғысымызды білдіреміз!



[an error occurred while processing the directive]
[an error occurred while processing the directive]