«ҚазҚСҒЗИ» АҚ 2019–2024 жылдар аралығындағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сейсмикалық тұрақты құрылыс саласындағы Базалық ұйымының қызметі туралы есебін ұсынды
- Май 22, 2025
- Опубликовано: author
- Категории: BIM, События

Мәскеуде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығына қатысты бірқатар мәселелер қаралған Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыста базалық ұйымдардың есептері тыңдалды.
Аталған отырыс аясында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сейсмотұрақты құрылыс саласындағы Базалық ұйымы – “Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты” акционерлік қоғамының (“ҚазҚСҒЗИ” АҚ) 2019–2024 жылдардағы қызметі туралы есебі қаралды. Базалық ұйымның қызметі – сейсмикалық қауіпті аймақтарда құрылыс жүргізу кезінде жоғары қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ету және әртүрлі геологиялық жағдайлардағы құрылымдық шешімдердің тұрақтылығын талдау мақсатында қажетті жағдайлар мен тиімді тетіктер құру арқылы ТМД мемлекеттері арасында ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Есепті Базалық ұйым басшысының орынбасары, “ҚазҚСҒЗИ” АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Шоқбаров Ералы Мейрамбекұлы бейнеконференция режимінде баяндады.
Еске салайық, “ҚазҚСҒЗИ” АҚ 2019 жылдан бері ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сейсмотұрақты құрылыс саласындағы Базалық ұйымы қызметін атқарады. Институт ТМД кеңістігіндегі құрылыс нысандарының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметті үйлестіреді.
ТМД Экономикалық кеңесі жанындағы Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссия ұсынылған ақпаратты мақұлдап, Базалық ұйымның ТМД кеңістігінде сейсмикалық қауіпсіздікті арттыруға қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыру, нормативтік базаны жетілдіру, кадрлық әлеуетті дамыту және салалық іс-шаралар ұйымдастыру ұсынылды.
Толығырақ ақпарат ТМД Атқарушы комитетінің сайтында (eccis.org) жарияланған.