Қазақстан мен Ресей: құрылыс саласында баға белгілеудегі бірлескен жұмыстар
- Ноябрь 14, 2024
- Опубликовано: author
- Категория: Оқиғалар
«ҚазҚСҒЗИ» АҚ құрылыстағы нормалау орталығында «Құрылыстағы тәуелсіз баға белгілеудің даму перспективалары» тақырыбында семинар-жиыны өтті. Іс-шараның маңыздылығы оған профессор Ольга Всеволодовна Дидковская бастаған Самара құрылыстағы баға белгілеу орталығының делегациясының қатысуы болды.
Семинарға «ҚазҚСҒЗИ» АҚ мамандары, Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы сарапшылары, «Мемсараптама» РМК мен ірі құрылыс компанияларының өкілдері қатысты. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Ержанов Жақсылық Фазылбекұлы қатысушыларға алғы сөз сөйледі.
«ҚазҚСҒЗИ» АҚ құрылыстағы нормалау орталығының директоры Хасен Арман АҚШ, Ұлыбритания және Германияда қолданылатын құрылыстағы тәуелсіз баға белгілеудің шетелдік тәжірибесін таныстырды.
Самара орталығының делегаттары саланың заманауи талаптарына жауап беретін интеграцияланған жүйені құруды, құрылыстағы тәуелсіз баға белгілеудің даму перспективалары және бағыттарын атап өтті. Сметалық нормативтер мен көрсеткіштер жүйесін, сондай-ақ жобалау, реконструкциялау және күрделі жөндеу кезеңінде қолданылатын сметалық баға белгілеудің әдістемесін әзірлеу мәселелері қозғалды.
Сметалық құжаттарды дайындаудың практикалық аспектілері және сметалық есептеулерді сараптауға баса назар аударды. Құрылыс құнын қалыптастыру үшін қажетті ақпараттық жүйелер мен интернет-ресурстар, сондай-ақ кадрлық әлеуеттің рөлі талқыланды. Баға белгілеу саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру және тәуелсіз бағалау жүйесін құру басым бағыттар екені айтылды. Ұлттық және халықаралық деңгейде бағалық инжиниринг саласының өзін-өзі реттеуі де маңызды тақырыптардың бірі болды.
Ресейлік сарапшылармен тәжірибе алмасу және халықаралық практиканы талқылау қазақстандық мамандарға сметалық баға белгілеудің ашықтығы мен объективтілігін арттыра отырып, үздік әдістерді енгізуге мүмкіндік береді. Бұл құрылыстағы есептеулерді нақты етеді және инвесторлар мен мердігерлер үшін ықтимал қауіптерді азайтады.