«ҚазҚСҒЗИ» АҚ XLV үкіметаралық кеңестің отырысында: Құрылыс саласының өзекті мәселелерін талқылау
- Октябрь 4, 2024
- Опубликовано: author
- Категория: Оқиғалар
Екатеринбург қаласындағы (Ресей) XI халықаралық құрылыс форумы аясында құрылыс саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық кеңестің XLV отырысы өтті.
Отырысқа Қазақстан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, ТМД Атқарушы комитеті және ТМД Экономикалық даму іскерлік орталығының өкілдері қатысты.
«ҚазҚСҒЗИ» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры және ТМД қатысушы мемлекеттердің сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы базалық ұйымы басшысының орынбасары Ералы Шоқбаров баяндама жасады. Ол базалық ұйымның 2019-2024 жылдардағы жұмысы туралы есеп беріп, ТМД құрылыс нормаларындағы сейсмикалық тұрақтылықтың ерекше маңыздылығын және Қазақстанның осы саланы дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Отырыстың негізгі мәселелерінің қатарында ТМД қатысушы мемлекеттердің құрылыс саласындағы баға белгілеу концепциясының жобасын талқылау болды. Үкіметаралық кеңес жанындағы Баға белгілеу жөніндегі комиссияның төрағасы және «ҚазҚСҒЗИ» АҚ құрылыстағы нормалау орталығының директоры Хасен Арман баяндама жасады. Ол баға белгілеудің бірыңғай қағидаттарын енгізудің маңыздылығын және оның өңірдегі құрылыс нормаларының сапасын жақсартуға әсерін атап өтті.
Сондай-ақ, Үкіметаралық кеңес пен бейінді базалық ұйымдардың 2019-2024 жылдардағы қызметі туралы есептер тыңдалып, мақұлданды. Бұл құжаттарды енді ТМД-ның жоғары органдары қарайтын болады. Мемлекетаралық құжаттардың жобаларын дайындау жөніндегі жұмысты жандандыру мақсатында Үкіметаралық кеңес хатшылығының жанынан, ТМД мемлекеттерінің құрылысын басқарудың ұлттық органдары өкілдерінен жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.
Отырысқа қатысушылар Тәжікстанның ғимараттары мен құрылыстарында күн электр жүйелерін қолдану, Өзбекстанның ұлттық мүдделерін ескере отырып Еурокодтарды енгізу, сондай-ақ Ресейдің құрылыс ресурстарын адал өндірушілер мен жеткізушілердің ұлттық тізімін құру туралы ақпараттар алды.