Сапа бақылауы іс жүзінде: Шымкентте жаңа тұрғын үй кешені үшін қадалардың бірегей сынағы өтіп жатыр

«ҚазҚСҒЗИ» АҚ мамандары BI Shymkent Projects компаниясымен жасалған шарт аясында Шымкент қаласының Тұран ауданындағы көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылыс нысанында бұрғытолтырмалы қадалардың басылу жүктемелеріне статикалық сынақтарын жүргізуде.

Диаметрі 1000 мм және ұзындығы шамамен 20 метр болатын қадаларға далалық сынақтар арнайы жабдықталған тәжірибелік алаңда, МЕМСТ 5686-2020 «Топырақтар. Қадалармен далалық сынақ жүргізу әдістері» стандартының талаптарына толықтай сәйкес жүргізілуде. Жұмыстар алынатын деректердің дұрыстығын қамтамасыз ететін барлық регламенттелген әдістемелер мен шарттарды сақтай отырып орындалуда.

Сынақ бағдарламасы төрт кезеңнен тұрады, оған статикалық тік жүктемелер, қаданың топырақ массасындағы жұмысын толық сипаттайтын отырулары мен деформацияларының тіркелуі кіреді. Жүктеме сатылы режимде, әрбір сатыда үзілістермен жүзеге асырылады, бұл «жүктеме-отыру» қисығын құруға және есептік көтергіштік кедергіні анықтауға мүмкіндік береді.

Сынақтың мақсаты – әртүрлі жүктеме түрлеріндегі қадалардың көтергіштік қабілетінің репрезентативті мәндерін алу, сондай-ақ топырақ негізінің физика-механикалық сипаттамаларын нақтылау. Бұл параметрлер геотехникалық модельді түзету және қадалық іргетастың конструктивтік шешімдерін оңтайландыру үшін аса маңызды.

Нысанда жалпы төрт толық ауқымды сынақ өткізу жоспарланған, қазіргі уақытта үшінші сынақ жүргізілуде. Сынақтар қадалардың отыруын бақылауға арналған құралдармен (бөлу дәлдігі 0,01 мм дейін) және қажет болған жағдайда қаданың бойымен кернеулерді анықтауға арналған тензометрлік өлшеулермен сүйемелденеді. Сыртқы факторлардың әсерін болдырмау мақсатында геодезиялық мониторинг жүргізілуде.

«Сынақ нәтижелері осы қадаларды жобада қолдану мүмкіндігі мен сенімділігін объективті түрде бағалауға мүмкіндік береді, бұл нысанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді», — деп атап өтті институттың іргетас негіздері секторының меңгерушісі Жәмек Нүркен.

«ҚазҚСҒЗИ» АҚ еліміздің түрлі өңірлерінде кешенді инженерлік іздестірулер мен сынақтарды жалғастыра отырып, Қазақстан Республикасындағы тұрақты және қауіпсіз құрылысқа өз үлесін қосуда.

пікір қалдыру

Біз сізге қалай көмектесе аламыз?

Свяжитесь с ближайшим офисом АО “КазНИИСА” или отправьте заявку онлайн.

Сұрақтар қалды ма? Бізге хабарласыңыз.